Қазақстанда автошколалардың жұмыс сапасы әлі де күрделі мәселе болып отыр: оқу орындарының көбінде қажетті материалдық-техникалық база жоқ, ал оқытушылар мен нұсқаушылардың біліктілігі белгіленген талаптарға сай емес. Бұл туралы үкіметте өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ІІМ басшысының орынбасары айтуынша, автошколаларды бақылаудағы маңызды қадам — Қазақстанда жүргізушілерді өз бетінше даярлауға тыйым салынуы болды. Сонымен қатар курсты бітіргені туралы қағаз куәліктерге де тыйым салынды — бұл шара құжаттарды бұрмалаудың алдын алуға бағытталған.

«Қазір автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді: адам автошколаға түскен бойда есепке қойылады. Сондықтан автошкола тыңдаушысы болып кейіннен тіркелу мүмкін емес. Бұл шаралар нәтиже берді. Өткен жылы көлік жүргізу өтілі бір жылға дейінгі жүргізушілердің кінәсінен болған ЖКО саны 40%-ға азайды, биыл тағы 7%-ға төмендеді», — деді вице-министр.

Ол болашақта автошколаларды ашу кезеңінен бастап тәртіпті бақылау жоспарланып отырғанын қосты.

«Өкінішке қарай, бүгінде бейнелеп айтқанда, тек бөлмесі, орындығы және мөрі ғана бар көптеген автошкола жұмыс істеп жатыр. Оларда қажетті материалдық-техникалық база жоқ, ал оқытушылар мен нұсқаушылардың біліктілігі талаптарға сай емес. Сондықтан автошкола ашар алдында оқытушылардың біліктілігін, қажетті оқу базасының және көліктердің бар-жоғын тексеретін боламыз», — деді ІІМ басшысының орынбасары.

Еске салайық, биыл көктемде Қазақстандағы автошколаларда тәртіп бұзушылықтарға байланысты 700-ден астам оқу тобының даярлығы тоқтатылған болатын.