Қазақстандағы жылдық инфляция соңғы бір жарым жылдағы ең төменгі деңгейге жетіп, 9,8%-ті құрады. Бұл — 2025 жылғы ақпаннан бергі ең төменгі көрсеткіш, сол кезде баға өсімі 9,4% деңгейінде тіркелген еді. Бір ай ішінде тұтыну бағалары 0,6%-ке, ал жыл басынан бері 6,4%-ке өсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректеріне сәйкес, тамыз айында тұтыну бағаларының индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,8%-ті құрады, бұл жылдық инфляцияның 9,8% деңгейінде екенін көрсетеді. Инфляцияның баяулауына негізінен маусымдық көкөністер мен жемістер бағасының төмендеуі әсер етті. Тамызда картоп 12,3%-ке, тәтті бұрыш 11,9%-ке, қырыққабат 9,7%-ке, жүзім 8,0%-ке, пияз 7,7%-ке, алма 5,1%-ке, сәбіз 5,0%-ке, лимон 4,7%-ке, қызылша 3,6%-ке арзандады. Сондай-ақ алмұрт (1,8%) пен қияр (1,5%) бағасы да төмендеді.
Азық-түлік емес тауарлар арасында пайдаланылған жеңіл автокөліктер 5,3%-ке, планшеттер 5,0%-ке, медициналық маскалар 2,9%-ке, медициналық термометрлер 1,9%-ке, электр еттартқыштар мен балалар жөргектері 0,8%-ке арзандағаны байқалды.
Жалпы бір ай ішінде азық-түлік тауарлары 0,1%-ке арзандаса, азық-түлік емес тауарлар 0,8%-ке қымбаттады, ал қызмет көрсету бағасы 1,2%-ке өсті. Жылдық көрсеткіште азық-түлік емес тауарлар 11,4%-ке, азық-түлік тауарлары 9,5%-ке, ақылы қызметтер 8,9%-ке қымбаттады.
Өткен жылдың тамызымен салыстырғанда жекелеген жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы төмендеуін жалғастырды. Баклажан 46,8%-ке, қияр 39,9%-ке, қызанақ 13,6%-ке, алма 10,6%-ке, сарымсақ 7,2%-ке, мандарин 5,9%-ке, қырыққабат 5,2%-ке, банан 4,2%-ке, апельсин 2,6%-ке арзандады. Азық-түлік емес тауарлар арасында жыл ішінде отандық құрастырылған жаңа автокөліктер 16,9%-ке, электрбұрғылар мен бұрағыштар 8,0%-ке, кондиционерлер 7,6%-ке, медициналық бинттер 3,1%-ке қымбаттады.
Ұлттық статистика бюросында инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексі ай сайын есептелетінін түсіндірді. Бақылаулар барлығы 537 позиция бойынша тауарлар мен қызметтердің бағалары мен тарифтеріне жүргізіледі.


