«7-20-25» ипотекалық бағдарламасын қаржыландыруға 2027 жылы 100 млрд теңгеге дейін қарастырылған. Тиісті лимитті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқармасы белгіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстандық тұрақтылық қорының түсіндіруінше, ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын қаржыландырудың тоқсандық көлемі 25 млрд теңгеден аспайды.

«Бұл қаражат «Қазақстандық тұрақтылық қоры» АҚ-ның бағдарлама аясында 2027 жылы берілетін ипотекалық тұрғын үй займдары бойынша талап ету құқығын екінші деңгейдегі банктерден сатып алуына арналған. Бағдарлама операторы ретінде қор белгіленген лимит шегінде оның шарттарына сай займдарды сатып алады. Банктер ипотекалық кредиттерді өз бетінше береді, содан кейін ҚТҚ олар бойынша талап ету құқығын иемденеді. Банктерді алдын ала қаржыландыру қарастырылмаған», — деп түсіндірді қорда.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы нарықта пайдалануға берілген тұрғын үй сатып алуға болады. Оның негізгі шарттары: сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылына 7%, бастапқы жарна сатып алынатын тұрғын үй құнының 20%-ынан бастап, кредиттеудің шекті мерзімі 25 жыл. Бағдарламаға бір рет қана қатысуға рұқсат етіледі.

Бұған дейін осы жеңілдікті бағдарлама аясында ипотеканы қазір 7 банк беретіні хабарланған: «Банк ЦентрКредит», Halyk Bank, Freedom Bank, ForteBank, Bank RBK, «Еуразиялық банк» және Altyn Bank.