Иран әскері Таяу Шығыста Америка күштеріне соққы беру кезінде Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясының Starlink спутниктік байланысын кемінде екі рет пайдаланған. Бұл туралы әскери операциялардың барысынан және миллиардердің компаниясындағы ішкі талқылаулардан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап, The Washington Post жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Басылымның дерегінше, Маск өз жүйесінің осылай қолданылғанын білгенде қатты ашуланған. Газеттің сұхбаттастары иран тарапы Starlink-ті бөлімшелердің іс-қимылын үйлестіруге және соққы беруші дрондарды басқаруға жұмылдырған болуы мүмкін деп тұжырымдайды.

АҚШ Қарулы күштері Орталық қолбасшылығының қорған министрі Пит Хегсетке дайындаған құпия баяндамасында иран әскерінің Starlink-ті пайдаланғаны сипатталған көрінеді. Алайда Пентагон мұндай құжаттың бар екенін білмейтінін мәлімдеді.

Starlink-тің Иранда жұмыс істеуге лицензиясы жоқ, бірақ Маск бұған дейін сервистің елде қолжетімді екенін растаған. The Wall Street Journal-дың ақпараты бойынша, қаңтарда жаппай наразылықтар мен интернет өшірілгеннен кейін американдық билік Иранға мыңдаған терминалды жасырын әкелген — олар жергілікті тұрғындарға мемлекеттік желі бұғатынан айналып өтуге мүмкіндік берген.