Италияда офтальмология саласында серпіліс жасалды: дәрігерлер әлемде алғаш рет көз торының орталық бөлігін сәтті ауыстырып, апаттан соң соқыр болған әйелдің көзін ашты, деп хабарлайды infohub.kz.
Туриндегі Молинетте ауруханасында алты сағатқа созылған күрделі операция жасалды. Профессор Микеле Рейбальди бастаған хирургтар тобы медицина тарихында алғаш рет пациентке макуланы — айқын орталық көруге жауапты көз торының орталық аймағын ауыстырды. Макуламен қатар мөлдір қабық, склера және онымен байланысты дәнекер тіндер де ауыстырылды.
Пациент — бірнеше жыл бұрын ауыр жол-көлік оқиғасынан көзінен айырылған 67 жастағы Елена. Апат кезінде оның сол көзінің көру нерві толық үзілген, бірақ қалған тіндер зақымданбаған. Оң көзде жағдай керісінше болды: көру нерві сақталған, алайда көз торы мен мөлдір қабық жойылған.
Профессор Рейбальди екі көздің сау бөліктерін біріктіруге шешім қабылдады. Хирургтар сол көзден зақымданбаған тіндерді алып, оларды оң көзге ауыстырып, жұмыс істеп тұрған көру нервіне қосты. Таңғыштар алынғаннан кейін әйел өз ұлы мен Джо есімді итін көріп, тани алды. Кейінгі тексерулер тіндердің сәтті жазылғанын растады.


