Алаяқтар қазақстандықтарға жиі қоңырау шалып, өздерін коммуналдық қызметкерлер ретінде таныстырады. Жылу есептегішін тіркеу, құжаттарды жаңарту, жеңілдіктер рәсімдеу немесе берешекті тексеру сылтауымен банк шоттары мен жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады, деп хабарлайды infohub.kz.
ІІМ мәліметінше, сөйлесу барысында алаяқтар адамды телефонға келген SMS кодын айтуға көндіреді. Дәл осы код алаяқтарға банктік қосымшаларға, мемлекеттік сервистердегі аккаунттарға және басқа да жеке деректерге кіруге мүмкіндік береді.
«SMS кодының көмегімен алаяқтар банктік қосымшаға кіруге; мемлекеттік сервистердегі аккаунттарға қол жеткізуге; сіздің атыңыздан заңсыз әрекеттер жасауға тырысуы мүмкін», – деп ескертті ІІМ.
Полиция нақтылайды: нағыз коммуналдық қызметкерлер ешқашан телефон арқылы SMS кодтарын, банк картасының деректемелерін немесе басқа құпия ақпаратты сұрамайды.
«Егер сізге осындай қоңырау келсе, әңгімені бірден тоқтатқан дұрыс. Күмән туындаған жағдайда ресми нөмір бойынша ұйымның өзіне хабарласу керек. Сондай-ақ бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша сілтемелерге өту немесе қосымшаларды орнату қажет емес», – деп атап өтті полиция.
Құқық қорғау органдары жаңа схема туралы туыстарға, әсіресе телефон алаяқтарының құрбанына жиі айналатын егде жастағы адамдарға ескертуге кеңес береді.
Полиция еске салады: бір ғана айтылған SMS коды қылмыскерлердің сіздің шоттарыңызға қол жеткізіп, ақшаны ұрлауына жеткілікті болуы мүмкін.
Жыл басынан бері полицейлер алданған қазақстандықтарға 4,8 млрд теңгені қайтаруға қол жеткізді.
Бұған дейін «Курсив» криптоиндустриядағы алаяқтардың honeypot («бал құмырасы») схемасын қолданатынын, бұл инвесторларға токенді еш қиындықсыз сатып алуға мүмкіндік беретінін, бірақ оны сатуды мүмкін етпейтінін жазған болатын.


