Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жас келіншектерге байланысты салт-дәстүрлер

Итаяғына салу

Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына сал» деп сақина, күміс, жүзік сияқты зат береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни, «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады.

Дәмету

Дәметудің әр түрі бар. Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.

Үй көрсету

Жаңа түскен келінді туыс туған, көрші көлем, ілік жекжаттар «үй көрсетуге», яғни, есік ашарға шақырады. Мұның мағынасы келін отбасымен танысып, үйге келіп жүрсін деген сөз. Бұл үйге келін құр қол бармайды, кәде жорасымен барады. Мұны «ілу» дейді. Бұл мәселені шақырған үйдің дәрежесіне «үлкен, кіші деген мағынада) келіннің енесі шешуі керек. мұнымен бірге келінді шақырған үйлер келіннің мінез құлқын, жүріс тұрысын, яғни, әдеп, тәртібін байқап сынап отыратыны бар. Мұны болашақ келіндер ескере жүруі керек. Өйткені аталған дәстүр әлі жалғасып келе жатыр.

Түйемұрындық

Ұзатылып жатқан жас келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама