Кейде бір ауруды емдеуге арналған дәрілер басқа жағдайларда да тиімді болып шығады. Insilico Medicine компаниясының эксперименталды рентосертиб препаратымен де солай болды: ол өкпе фиброзын емдеуге арналған, бірақ зерттеушілер оның қартаюға байланысты биологиялық процестерге де әсер ететінін анықтады... деп хабарлайды infohub.kz.
Препарат фиброздың дамуына байланысты TNIK ақуызын блоктайды. Айта кету керек, ол жасанды интеллект көмегімен жасалған. Негізгі зерттеу бағыты — идиопатиялық өкпе фиброзы, бұл кезде өкпенің сау тіні біртіндеп тыртық тінімен алмасады, соның салдарынан адамның тыныс алуы қиындайды.
Ғалымдар осы диагнозы бар 42 пациенттің деректерін талдап, зерттеу жүргізді. Қатысушылардан бірнеше рет қан үлгілері алынып, 2841 ақуыз өлшенді. Содан кейін зерттеушілер қартаюдың алты түрлі «протеомдық сағатын» қолданды — бұл әдістер адамның биологиялық жасын туған күні бойынша емес, қандағы ақуыздар жиынтығы бойынша бағалайды.
Барлық алты модель рентосертиб қабылдаған пациенттерде плацебомен салыстырғанда есептелген биологиялық жас төмендегенін көрсетті. Ең айқын нәтиже емнің төртінші аптасында байқалды: әртүрлі модельдер өзгерісті шамамен 3–4 жылға, ал біреуі алты жылға дейін бағалады. Сондай-ақ жасушалық қартаюға, қабынуға және зат алмасуға байланысты ақуыздар мен сигналдық жолдардың өзгерістері анықталды.
Алдыңғы зерттеулерде рентосертиб идиопатиялық өкпе фиброзында үміт күттіретін нәтижелер көрсеткен болатын. Тәулігіне 60 мг препарат қабылдаған пациенттерде 12 апта ішінде терең дем алғаннан кейін шығарылатын ауаның максималды көлемі орта есеппен 98,4 мл-ге артса, плацебо тобында бұл көрсеткіш 20,3 мл-ге төмендеді.
Авторлардың пікірінше, қартаю көрсеткіштерінің өзгеруі рентосертибтің әсері тек өкпемен шектелмейтінін білдіруі мүмкін. Дегенмен, жаңа зерттеу шағын болды, сондықтан препараттың қартаюға қатысты ықтимал қасиеттері қосымша зерттеулерді қажет етеді. Бастапқы қолданылуынан кеңірек пайдасы болуы мүмкін мұндай препараттарға кейбір антидепрессанттар жатады: бұрын Kursiv Health асқазан-ішек жолдары проблемалары кезінде гастроэнтеролог неліктен оларды тағайындай алатынын қарастырған.


