Павлодар облысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қыз мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығын сот арқылы қалпына келтірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жоғарғы соттың ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, 2008 жылы облыс тұрғыны балалар үйіне орналастырылған. Алайда оны «жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй алу кезегіне тек 2014 жылы қойған.

2023 жылы уәкілетті орган қызды басқа елді мекенге тұрақты тұруға көшкенін алға тартып, кезектен шығарған. Сотқа дейін ол 2008 жылдан — балалар үйіне қабылданған кезден бастап есепке қою құқығын қалпына келтіруді талап еткен. Бірнеше рет өтініш бергеніне қарамастан, оны тек алғашқы есепке қойылған күннен — 2014 жылдан бастап қана кезекке қайта қойған.

Бұл шешіммен келіспеген талапкер 2008 жылдан бастап тұрғын үй алу үшін есепке қою құқығын тану туралы талаппен сотқа жүгінген.

Сот анықтағандай, қамқоршылық функцияларын жүзеге асырған органдар мен ұйымдар өз міндеттерін тиісінше орындамағандықтан, талапкер уақтылы кезекке қойылмаған. Кешіктіріп есепке қою талапкердің кінәсінен болмаған: кәмелетке толмағандықтан, ол тұрғын үйге деген құқығын өздігінен жүзеге асыра алмаған. Ол тәрбиеленген балалар үйі қазіргі уақытта таратылған.

Уәкілетті орган талапкердің патронаттық тәрбиеде болғанын дәлелдейтін, істің мән-жайын құқықтық бағалауға әсер етуі мүмкін ешқандай дәлел ұсынбаған. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, есепке қойылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар баспана алғанға дейін есептен шығарылуға жатпайды.

Лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері талапкердің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққан. Сот мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін де, жекелеген лауазымды тұлғалардың әрекеттерінің заңсыздығын да анықтағандықтан, балалар үйіне қабылданған күннен бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығы қалпына келтірілді. Шешім заңды күшіне енген.