Қазақстан құрамасының футболдан жаңа бас жаттықтырушысы Джон ван ’т Шкип ұлттық командаға ойыншыларды іріктеу критерийлері мен Ұлттар лигасының алдағы ойындарына қойылған міндеттер туралы айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бапкердің айтуынша, ең алдымен футболшы құрамада өнер көрсету үшін қажетті қасиеттерге ие болуы керек. «Құрама сапында көптеген матч өткізген ойыншылар бар, біз оларды мұқият бақылауды жалғастырамыз. Сонымен қатар, өзін көрсете алатын және ұлттық командаға ілігу мүмкіндігіне ие бола алатын басқа футболшылардың бар-жоғын көргіміз келеді. Құраманың есігі барлығына ашық, кез келген ойыншы өз ойынымен лайық болса, мүмкіндік ала алады», — деді маман.
Тағы бір маңызды критерий ретінде ол физикалық дайындықты атады. «Бізге өте қысқа уақыт ішінде төрт матч өткізу керек, сондықтан ойыншылар алаңда толық 90 минут өнер көрсетуге немесе матчтың белгілі бір бөлігін сапалы ойнауға дайын болуы тиіс. Сондай-ақ құрам теңгерімі маңызды. Біз әр позицияға екі футболшыдан болғанын қалаймыз», — деп атап өтті ван ’т Шкип.
Команданың басты міндеті ретінде ол Ұлттар лигасында сәтті өнер көрсетуді атады. «Біз сапалы футбол көрсетіп, ұпай жинап, мүмкіндігінше жоғары орынға жетуді қалаймыз. Әрине, біз әрқашан максималды нәтижеге ұмтылуымыз керек, ал бұл — бірінші орын. Дәл осы мақсатты алдымызға қоюымыз керек. Оған жете алатынымызды матчтар көрсетеді, бірақ біз командамыздың қасиетіне және осы мақсат үшін күресе алатынымызға сенеміз», — деп түйіндеді бапкер.
Еске салайық, 7 тамызда Қазақстан футбол федерациясы голландиялық маман Джон ван ’т Шкипті құраманың бас жаттықтырушысы қызметіне тағайындау туралы хабарлаған болатын. Бапкерлік штабқа сондай-ақ Нұрбол Жұмасқалиев (ассистент), Елдос Ахметов (ассистент), Юрий Новиков (қақпашылар бапкері), Вадим Боровский (дене шынықтыру бапкері) және Тимур Құсайынов (аналитик) кірді.


