Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Көлік министрлігінің жағдай орталығына барып, мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуымен танысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазіргі уақытта ведомство автомобиль, теміржол және авиация салаларына инновациялық цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізуде. e-Joldar, Smart Cargo, Q-Gate, QazETA, Echelon Alpha және басқа да платформалар құрылды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық қызметтер мемлекетін одан әрі құрудың басымдығын белгіледі. Цифрландыру мен жасанды интеллект азаматтарға, бизнеске және мемлекетке нақты пайда әкелуі тиіс. Үкімет алдында экономиканың барлық саласына пайдалы ЖИ шешімдерін енгізу қарқынын жеделдету міндеті тұр. Бүгін ұсынылған көлік саласын технологиялық трансформациялау жобаларын еліміздің барлық аймағында қысқа мерзімде толық енгізуді тапсырамын», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) да саланы цифрландыруға белсенді қатысуда. Кездесу барысында институт инновациялық жылжымалы зертхананы таныстырды. Мобильді кешендерді іске қосу жобасы былтыр жүзеге асырылып, ел үшін бірегей болды.
«Жол желісін зерттеу үшін институт 3 арнайы жылжымалы жол зертханасын пайдаланады, олар қозғалыс барысында автомобиль жолдарының жай-күйі туралы цифрлық деректерді жинауға және талдауға мүмкіндік береді. Зертханалар бейнекамералармен, өлшеуіш датчиктермен, GPS/ГЛОНАСС жүйелерімен, жол төсемінің ақауларын анықтаудың автоматтандырылған жүйесімен және борттық есептеу кешендерімен жабдықталған. Тексеру барысында жол төсемінің, белгілер мен разметканың, қоршаулар мен жол жиектерінің жай-күйі, жолдың геометриялық параметрлері және қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ететін басқа да факторлар тіркеледі», – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Кенжебек Азатбеков.
Қазірдің өзінде институт отандық өңірлерге жол төсемінің сапалы цифрлық аудитін ұсынады. Қауіпті учаскелерді анықтау және басым шараларды белгілеу жұмыстары Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында жүргізілуде. Аудиттен кейін мамандар негізделген ұсыныстар жасайды, бұл ақауларды жеке-жеке жоюдан жол желісін жүйелі түрде жаңартуға көшуге мүмкіндік береді.
ҚазжолҒЗИ жол қозғалысы қауіпсіздігінің аудитіне де көңіл бөледі. Институт қызметкерлері Чехияда оқудан өтіп, алған дағдыларын Қазақстанда қолдануда. Көлік вице-министрі Дәмір Қожахметов институттың жаһандық мақсаттарға жетудегі маңызды рөлін атап өтті.
«ҚазжолҒЗИ – бұл біздің ғылыми базамыз, онда барлық зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Институт жол төсеміне қатысты жаңа технологияларға жауапты – сіздер білесіздер, қазір бетонды және полимербетонды жабынды қолдану көзделген. Барлық тиісті зертханалық зерттеулерді дәл ҚазжолҒЗИ жүргізеді. Бұл үлес баға жетпес, өйткені ғылымсыз одан әрі даму мүмкін емес», – деп атап өтті ҚР көлік вице-министрі.


