Ye (Канье Уэст) концертінің ұйымдастырушылары көрермендерді алаңға кіргізбейтін техника тізімін жариялады. Шектеулер әртіс талабы бойынша енгізілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

First Media Group компаниясы тыйымның кәсіби ғана емес, әуесқой фото және бейне түсіру жабдықтарына да қатысты екенін нақтылады. Мәселен, концертке фотоаппараттар (Canon, Nikon, Sony, Fujifilm және т.б.), кәсіби бейнекамералар, DJI Osmo Pocket және Osmo Action қалта камералары, GoPro экшн-камералары және олардың аналогтары, стабилизаторлар (гимбалдар), ауыстырылатын объективтер, штативтер, моноподтар мен селфи-таяқшалар, дрондар, сондай-ақ кәсіби микрофондар мен дыбыс жазу құрылғыларын алып кіруге болмайды.

Canon G7X немесе DJI Osmo Pocket-ке түсіруге дағдыланған инфлюенсерлер мен эстетикалық кадрларды ұнататындарға сол кеште телефонмен шектелуге тура келеді — бұл құрылғылар тыйым салынғандар тізіміне енді. Ал пауэрбанктер ережеде аталмағандықтан, заряд туралы алаңдамауға болады.

Өзіңізбен бірге сусын мен тамақ алмағаныңыз жөн. Өткен жылы Дженнифер Лопестің концертінде оларды трибунаға алып кіруге қатаң тыйым салынған болатын, көрермендер үшін ресми фуд-корт жұмыс істеді.

Бұған дейін компания концерт алдында билеттерге жеңілдіктер немесе акциялар болмайтынын мәлімдеген еді. FMG-де хабарлағандай, Алматыға 100 тоннадан астам техникалық жабдық әкелінуде, ал шоу Ye әлемдік турының басқа концерттеріндегідей керемет болады.

Еске сала кетейік, Уэстің Алматыдағы алғашқы ауқымды концерті 14 тамызда Орталық стадионда өтеді. Билеттерді Freedom SuperApp қосымшасынан немесе Ticketon.kz сайтынан сатып алуға болады. Алғашқы сатылым күні-ақ жанкүйерлер стадиондағы орындардың жартысын сатып алған.