Қарағанды облысында екі мектеп бухгалтеріне қатысты сот процесі аяқталды. Олар ұзақ уақыт бойы бюджет қаражатын өз шоттарына жүйелі түрде аударып отырған. Олардың бірі заңсыз әрекетін 2010 жылы бастаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарағандыда алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі көлемде алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікті жымқыру туралы қылмыстық іс қаралды. Айыпталушылар — мектептің бухгалтерлері Т. және Н.
Анықталғандай, 2010 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың маусымына дейін Т. «№33 жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің бас бухгалтері қызметін атқарған, ал Н. сол оқу орнында бухгалтер болып жұмыс істеген. Олар қызметтік жағдайын пайдаланып, мектеп директорларының электрондық цифрлық қолтаңбаларын заңсыз қолданып, бюджет қаражатын жымқыруды жүйелі түрде жасаған. Сот-экономикалық сараптама қорытындысы бойынша, Т. 2010 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында үстемеақы, жәрдемақы және басқа да төлемдер деген желеумен өз карт-шоттарына негізсіз ақша аудару арқылы 10 658 920 теңгені, ал 2012 жылдың наурызынан 2024 жылдың маусымына дейін 192 576 422 теңгені жымқырған. Н. осы кезеңде 113 087 767 теңгені иемденген.
Сот Т. мен Н.-ны кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады: Т.-ға — 6 жыл, Н.-ға — 7 жыл. Сонымен қатар, сотталғандарға мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде бухгалтер қызметін атқаруға 5 жыл мерзімге тыйым салынды. Азаматтық талап аясында олардан келтірілген залал сомасы өндіріліп, шешімді ерікті түрде орындауға алты ай мерзім белгіленді. Сондай-ақ сотталған Т.-ның жылжымайтын мүлкіне салынған тыйым сақталды.
Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.


