Қарағандыда сот ардагер спортшыға «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын беруден бас тартуды заңсыз деп таныды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қарағанды облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, сот ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қатысты ардагер спортшының әкімшілік талап-арызын қарады. Талапта спорт атағын беруден бас тарту туралы шешімді заңсыз деп тану және күшін жою, сондай-ақ спорт атағын беру туралы қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеу сұралды.

Талап қоюшының пайымдауынша, заңнама нормаларында халықаралық жарыстарда Қазақстанды танытып, жүлделі орындарға ие болған ардагер спортшыларға «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын беруге тыйым салу немесе шектеу жоқ.

Жауапкер талапты қанағаттандырмауды сұрады, себебі аталған спорт атағын беруге негіз — ересектер арасындағы әлем чемпионатындағы нәтиже. Демек, ардагерлер арасындағы әлем чемпионатына қатысу және ондағы жүлделі орын аталған негізге сәйкес келмейді.

Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Жауапкердің дауланған шешімі күшін жойылып, сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде талап қоюшыға «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын беру туралы қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеті жүктелді.

Сот анықтағандай, заңнамада ардагер спортшыларды «ересектер» санатынан шығаратын ереже жоқ және халықаралық жарыстарда Қазақстан Республикасын танытатын ардагер спортшыларға спорт атақтарын беруге тыйым салынбаған.

Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.