Қарағандыда 78 жастағы зейнеткер алаяқтардың құрбаны болды. Олар өздерін «қарғыс алып тастаушы» ретінде таныстырып, әйелдің алтын бұйымдары мен 15 млн теңгесін алып кеткен. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Оқиға көшеде болған. Қарт әйелге үш бейтаныс әйел жақындап, тіс емханасына баратын жолды сұраған. Әңгіме барысында олардың бірі зейнеткерге жақын адамы тарапынан ескі қарғыс салынғанын, оны алып тастаудың жалғыз жолы — жақын адамының өлімін болдырмау екенін айтқан. Алаяқтар әйелді «тазартатын» ине сатып алуға, шикі жұмыртқа әкелуге, содан кейін алтын бұйымдары мен ақшасын газетке орауға көндірген. Олар «жамандықтан» толық құтылуға уәде беріп, оралған буманы ұстатып, оны 40 күннен кейін ғана ашу керектігін ескерткен.
Зейнеткер барлық нұсқауды орындаған, бірақ түнде буманы ашып көруге бел буған. Ішінде алтын мен ақшаның орнына жай ғана қағаз болып шыққан. Жалпы шығын 15 млн теңгені құраған.
Полиция қызметкерлері жәбірленушінің сипаттамасы бойынша күдіктілердің тұлғасын анықтаған. Олар Павлодар, Алматы және Жетісу облысының тұрғындары болып шыққан. Әйелдер Темиртауда ұсталып, зейнеткер оларды полиция бөлімінде таныған. Қазір олар уақытша ұстау изоляторында отыр, тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдары олардың осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.


