Қарағанды облысында табиғи өрт салдарынан адамдар зардап шекті. Уәкілетті органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды infohub.kz.
Әкімдіктің ресми сайтында хабарланғандай, Қарқаралы ауданының Жаңатұған ауылы маңында әуе-визуалды тексеру жүргізілді. Жаңа өрт ошақтары анықталған жоқ, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. ТЖД-да іс-қимылды үйлестіру үшін жедел штаб жұмыс істеп жатыр.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте ТЖД бастығы мен аудан әкімдерінің есептерін тыңдады.
«Дала өрті Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында тіркелді. Өртті оқшаулау және жою, елді мекендерді қорғау үшін ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күші мен құралдары жұмылдырылды. 620 жеке құрам мен 134 техника бірлігі жіберілді. Жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде», – деді ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.
Оның айтуынша, жағдайды қатты жел қиындатып отыр.
Қарқаралы ауданында екі зардап шеккен адам бар – 1989 және 1970 жылдары туған ер адамдар. Олар медициналық көмекке жүгінді. Біреуінде 10%, екіншісінде 20% күйік бар. Қазір екеуі де ауруханада. Жағдайлары тұрақты.
Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мүсіннің мәліметінше, Жаңатұған ауылы маңында өртке қарсы шараларды екі топ жүргізіп жатыр. 159 жеке құрам мен 52 техника бірлігі жұмылдырылған. Ол сондай-ақ Бесоба ауылы маңындағы қыстақтарда үш өрттің сөндірілгенін хабарлады.
Ақтоғай және Шет аудандарында жағдай тұрақты, бақылауда. Табиғи өрттер жойылды.
«Ыстық ауа райы мен қатты желге байланысты дала өртінің қаупі сақталып отыр. Бақылау тұрақты болуы керек, жергілікті әкімдіктер ТЖД-мен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет», – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында құтқарушылардың құрғақ өсімдіктердің өртін тәулік бойы сөндіріп жатқаны хабарланған болатын.


