Қарағандыда ер адам сот алдында жауап берді. Ол адамның еркіне қарсы оны қудалап, байланыс орнатуға тырысқан. Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының соты Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша қылмыстық істі қарап, 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қарағанды облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, 2024 жылғы 12 наурыздан 2026 жылғы 14 қыркүйекке дейінгі аралықта сотталушы жәбірленушінің өзімен араласқысы келмейтінін біле тұра, оны жүйелі түрде қудалаған.
Ер адам оның тұрғылықты жеріне бірнеше рет келіп, жанжал тудырған және оның атына былапыт сөздер айтқан.
Жәбірленуші оның байланыстарын бұғаттап, 2026 жылғы 24 тамызда ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылғаннан кейін де ол қудалауды тоқтатпай, онымен байланыс орнатуға ұмтылып, WhatsApp арқылы жаза берген.
Сотталушының кінәсі оның өз кінәсін мойындаған жауабымен, жәбірленушінің жауабымен, ұялы телефонды алу хаттамасымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде сот жасаған әрекетіне шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жай деп таныды. Қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен ер адамға 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалып, 1 жыл мерзімге ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді: жәбірленушінің еркіне қарсы оны іздеуге, қудалауға, ол болатын жерлерге баруға, онымен ауызша және телефон арқылы сөйлесуге, сондай-ақ оның отбасы мүшелері арқылы болсын, өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.


