Қарағанды облысының Шет ауданында Унирек ауылының маңында болған ірі табиғи өрт оқшауланды. Отпен күрес ТЖМ авиациясының көмегімен жүргізілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өрт Қарағанды орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау аумағын шарпыды. Жалпы өрт ауданы 650 гектарға жетті, оның 613,6 гектары құрғақ шөпке тиесілі.
Ведомствоның мәліметінше, жалынның орман алқаптарына таралу қаупінің алдын алу мүмкін болды. Өртті сөндіруге таулы-шоқылы жер бедері мен қол жетпейтін учаскелер, сондай-ақ қатты жел кедергі келтірді, алайда оттың таралуы тоқтатылды.
Күрделі жерлердегі жекелеген ошақтармен күресу үшін авиация жұмылдырылды. «Қазавиақұтқару» тікұшақтары арнайы су құю құрылғыларын пайдаланып, жалпы көлемі 78 тонна суды 26 рет төкті.
Өртті жоюға 310-ға жуық адам мен 44 техника жұмылдырылды. Операцияға ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылықтары және басқа да қызметтердің қызметкерлері, сондай-ақ «Қазавиақұтқарудың» екі тікұшағы қатысты.
Қазіргі уақытта мамандар аумақты суаруды және жекелеген түтіндеу ошақтарын жоюды жалғастыруда. Ахуал ТЖМ бақылауында.
Бұған дейін Қарағанды облысындағы табиғи өрттерден зардап шеккендер туралы хабарланған болатын. Сонымен қатар, Қарқаралы ауданында құтқарушылар құрғақ өсімдіктердің өртін тәулік бойы сөндіруде.


