Бельгиялық маман Карел Герартс шымкенттік «Ордабасының» бас бапкері болып тағайындалды. 44 жастағы жаттықтырушымен келісім 2028 жылдың соңына дейін жасалды, түпкілікті уағдаластық Лондонда бекітілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бапкерлік мансабында Герартс бельгиялық «Юнионды», неміс «Шалькені» және француз «Реймсті» басқарған. 2022 жылы ол Бельгияның үздік бапкері атанды.
Ойыншы ретінде Герартс жартылай қорғаушы позициясында өнер көрсетті. «Брюгге» сапында ол чемпион және Бельгия Кубогының иегері атанды, ал ұлттық құрама сапында 20 матч өткізіп, төрт гол соқты.
«Көп матчта жеңіске жеткіміз келеді, ойыннан ләззат алып, көрікті футбол көрсетуді қалаймыз, — деп келтіреді Герартстің сөзін ASNews.kz. — Баршамыздың біртұтас болғанымыз әсіресе маңызды. Біз чемпионатты және, әрине, Кубокты жеңіп алғымыз келеді. Өткен маусымда команда «алтын дубль» жасады, сондықтан оны қайталауға тырысамыз. Бірақ Суперкубоктан бастаймыз. Баршамыз үшін үлкен мақсат — Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығу. Ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз».
Герартс шымкенттік жанкүйерлерден қонажайлылық күтетінін де атап өтті. «Ордабасының» бас бапкері қызметінде бельгиялық маман молдовандық Андрей Мартинді алмастырды, оның жетекшілігімен команда өткен маусымда тұңғыш рет «алтын дубль» жасаған болатын.


