Қазақстанның кассациялық соты қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері әкімшілігінің заңды талаптарына қасақана бағынбағаны үшін кінәлі деп танылған сотталғанға қатысты үкімді жойды. Белгілі болғандай, қылмыстық қудалауға негіз болған барлық тәртіптік жазалар заңсыз болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бірінші сатыдағы және апелляциялық соттар ер адамды төрт ай ішінде колония әкімшілігі салған 27 тәртіптік жаза негізінде кінәлі деп таныды. Алайда оның 26-сы оқшаулау камерасында және жалғыз камерада ұстау кезінде жіберілген бұзушылықтарға байланысты болған.

Кассациялық қарау барысында сотталғанның жауапкершілікке тартылуына себеп болған әкімшілік талаптарының заңды болмағаны анықталды. Бұл тергеу соттарының қаулыларымен, уәкілетті органдардың тексеру нәтижелерімен және істің басқа да материалдарымен расталған.

Сонымен қатар, кассация жазалар ер адам посылқаның заңсыз алынуына шағымдана бастағаннан кейін қолданыла бастағанын анықтады. Бұған дейін ол мінез-құлықтың екінші оң дәрежесіне және көтермелеулерге ие болған.

Кассациялық сот сотталғанның жай ғана өз құқықтарын қорғағанын және мекеменің қалыпты қызметін бұзбағанын анықтады. Нәтижесінде сот актілері жойылып, қылмыстық іс тоқтатылды.