Kaspi Bank акционерлері 25 қыркүйекте өткен кезектен тыс жалпы жиналыста 2025 жыл үшін жай және артықшылықты акцияларға 4000 теңгеден дивиденд төлеуді бекітті. Төлемдер осы күннен бастап жүргізіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шешім туралы ақпарат Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланды.
Банктің 2025 жылғы қаржылық есептілігіне сәйкес, акциялардың 94,4%-ы Kaspi Group-қа, тағы 4,55%-ы Kaspi.kz-ке тиесілі. Қалған 1,05%-ы өзге тұлғалар арасында бөлінген.
Жыл соңындағы банктің түпкілікті бенефициарлары: Baring Vostok қорлары — 22,98%, Михаил Ломтадзе — 22,34%, Вячеслав Ким — 20,52%, жария инвесторлар — 30,3%, менеджмент — 3,83%.
Дивиденд алуға құқығы бар акционерлердің тізімі 24 қыркүйекте жасалды.
2025 жылдың соңында айналымда 18 345 540 жай және 372 484 артықшылықты акция болды. Осылайша, төлем көлемі 74,8 млрд теңгені құрайды.
2026 жылдың маусым айының соңында Kaspi Bank акционерлеріне өткен жылдың қорытындысы бойынша акциясына 1600 теңгеден дивиденд төлеген болатын. Онда дивиденд төлемдерінің көлемі 29,95 млрд теңге еді.
Kaspi Bank-тің 2025 жылғы таза пайдасы 571,5 млрд теңге деңгейінде қалыптасты.


