Енді Қазақстандағы болашақ аналар жүктілік және босану бойынша төлемдерді Kaspi.kz мобильді қосымшасында тікелей рәсімдей алады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жаңа цифрлық сервис іске қосылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұрын төлем алу үшін ХҚО-ға барып, құжаттар тапсырып, кезек күту қажет болатын. Енді өтінімді смартфоннан Kaspi.kz суперқосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» сервисінде оңай әрі қарапайым жіберуге болады.
Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушы Михаил Ломтадзе: «Біз сүйікті клиенттеріміздің өмірін жақсартатын сервистер жасағанды ұнатамыз. Әсіресе, өмірдің маңызды сәттерінде отбасыларға көмектесетін сервистермен жұмыс істеу ерекше қуантады. Kaspi.kz-те қазірдің өзінде баланың туу туралы куәлігін рәсімдеуге, бала тууға байланысты жәрдемақыларды, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемдерді, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыларды алуға болады. Енді болашақ аналар жүктілік және босану бойынша төлемдерді де рәсімдей алады. Мемлекеттік органдарға қазақстандықтар үшін мемлекеттік қызметтерді одан әрі қарапайым әрі қолжетімді етуге бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі үшін алғыс білдіреміз. Ал сүйікті клиенттерімізге сенімдері және күн сайын Kaspi.kz-ті таңдағандары үшін рахмет!» — деді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев: «Мемлекет көмектің ыңғайлы әрі қолжетімді болуы үшін барлық шараларды қабылдауда. Біздің стратегиялық мақсатымыз — азаматтарды қағазбастылықтан және мемлекеттік органдарға бару қажеттілігінен барынша арылту, әсіресе жүкті әйелдер мен аналарға қатысты. Ең сұранысқа ие қызметтердің бірін күн сайын миллиондаған қазақстандықтар пайдаланатын платформаға ауыстыру — цифрландырудың мемлекеттік қолдауды әр адамға жақындатып, қарапайым әрі уақтылы ететінінің айқын мысалы», — деп атап өтті.
Жүктілік және босану бойынша төлемдерге онлайн-өтінімді қалай жіберуге болатыны туралы толығырақ Kaspi.kz мобильді суперқосымшасындағы «Гид» сервисінен білуге болады.
Kaspi.kz миссиясы — сүйікті клиенттер мен серіктестердің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен сервистер жасау. Kaspi.kz сервистерін Қазақстан мен Түркияда 26 миллионнан астам клиент және 1 миллионға жуық серіктес пайдаланады. Қазақстанда Kaspi.kz суперқосымшасы төлемдерді, электронды коммерцияны, онлайн-супермаркетті, финтехті, саяхаттарды, хабарландыруларды, мемлекеттік қызметтерді және басқа да күнделікті сервистерді біріктіреді. Түркияда Kaspi.kz елдегі жетекші электронды коммерция платформаларының бірі Hepsiburada-ға ие.
Kaspi.kz-те қазірдің өзінде баланың туу туралы куәлігін рәсімдеуге, бала күтімі бойынша жәрдемақыларды және көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыларды алуға болады. Енді болашақ аналар жүктілік және босану бойынша төлемдерді де рәсімдей алады.


