Каспий теңізінде үш ер адам теңіз серуенінен оралмаған соң, ауқымды іздеу операциясы басталды. Құтқарушылар кең акваторияны тексеріп, барлық жоғалғандарды тірі күйінде тапты, деп хабарлайды infohub.kz.

Кеше кешке 112 пультіне Жаңаөзеннің үш тұрғыны «Кендерлі» демалыс базасы маңында теңізге шығып, қайтып оралмағаны туралы хабар түсті. Іздеу-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің күштері мен құралдары дереу жұмылдырылды. Іздеу барысында құтқарушылар жағаға өздігінен жүзіп келе жатқан ер адамды тауып, оны бортқа көтеріп, құрлыққа жеткізді.

Қалған екеуін түнде іздеуді жалғастырды. Іздеуді түннің қараңғылығы мен акваторияның үлкен аумағы қиындатты. Жұмыс төрт секторға бөлінді. Құтқарушылар 20 шақырымнан астам акваторияны, ал әуе арқылы 70 шақырымнан астам аумақты тексерді. Нәтижесінде қалған екі ер адам жағадан 10 шақырым жерде іздеу тобымен тірі күйінде табылды.

Іздеу-құтқару операциясына барлығы ТЖМ күштері мен құралдары, ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметкерлері мен еріктілер тартылды. Сондай-ақ «Қазавиақұтқару» тікұшағы мен ТЖМ-нің ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылды.