15 тамыз кешкісін «Кендерлі» демалыс аймағынан Жаңаөзеннің үш тұрғыны үрлемелі қайықпен теңізге шығып, із-түзсіз жоғалған. Туыстары бұл туралы 112 пультіне хабарлаған, деп мәлімдейді infohub.kz сайты.

ТЖМ қызметкерлері дереу ауқымды іздестіру операциясын ұйымдастырды. Іздеу жұмыстарына дрондар мен «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды.

Іздеу барысында құтқарушылар жағаға өздігінен жүзіп келе жатқан ер адамды тапты. Оны бортқа көтеріп, құрлыққа жеткізді.

Қалған екеуін іздеу түнде де жалғасты. Жұмысты қараңғылық пен акваторияның үлкен аумағы қиындатты. Іздеу төрт секторда әртүрлі бағытта жүргізілді.

Құтқарушылар акваторияның 20 шақырымнан астамын, ал әуе арқылы 70 шақырымнан астамын тексерді. Нәтижесінде екі ер адам жағадан 10 шақырым жерде тірі күйінде табылды.

Операцияға ТЖМ құтқарушылары мен еріктілер ғана емес, қазақстандық шекарашылар да қатысты.

Бұған дейін Астананың 41 жастағы тұрғыны «Арыс» көпірінің астында Есіл өзенінен өтпек болып, күшін дұрыс есептемей қалғаны хабарланған. Оны жанындағы құтқарушылар аман алып қалған. Қостанай облысы Жітіқарада ТЖМ қызметкерлері Шортанды өзенінде батып бара жатқан әйелді құтқарса, Семейде мас күйіндегі ер адамға көмек көрсетіп, бақытсыз жағдайдың алдын алған.