Елордада ауданы 350 шаршы метрден асатын элиталық коттедж сатылды. Лоттың қорытынды құны 353 млн теңгені құрады, бұл бастапқы бағаға сәйкес келеді. Айта кетейік, нысан қайтарылған актив болып табылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сауда-саттықты ұйымдастырушы — Қайтарылған активтерді басқару компаниясы. Мүліктің бұрынғы иесінің аты-жөні жарияланбайды. Аукцион бағаны көтеру қағидаты бойынша өтті, алайда бастапқы баға финалдық бағамен сәйкес келді — 353 839 564 теңге. Ал нысанның бағалау құны айтарлықтай жоғары болып, 416 281 840 теңгені құрады.

Лот деректеріне сәйкес, коттедж мен шаруашылық құрылыстарды қоса алғанда, барлық ғимараттардың жалпы ауданы 497,60 шаршы метрге жетеді, ал жер телімінің ауданы — 0,4180 гектар. Мүлік Астанадағы Сарайшық ауданында орналасқан. Үй 2005 жылы салынған.

Лотқа қоса берілген фотосуреттерге қарағанда, коттедждің ішінде сауна, хаммам, джакузи және камин бар, ал аулада шыны үй жабдықталған.