Қазақстанның ерлер баскетбол құрамасы Азия Кубогы-2029 алдын ала іріктеуінің бірінші кезеңін В тобында екінші орынмен аяқтады. Алматыда өткен үй турнирінің соңғы ойындарында қазақстандықтар Қырғызстанды (88:67) және Шри-Ланканы (87:58) жеңді, деп хабарлайды infohub.kz.

30 тамызда өткен Қырғызстанмен кездесу алаң иелерінің сенімді жеңісімен аяқталды. Үлкен үзіліске дейін-ақ Қазақстан 49:31 есебімен алда болды, ал соңғы ширек алдында басымдық 25 ұпайға жетті. Қарсыластың соңында айырмашылықты қысқарту әрекетіне қарамастан, матч нәтижесі өзгерген жоқ – 88:67.

Қазақстан құрамасындағы ең өнімді ойыншы Роберт Пан болды, ол 24 ұпай жинады. Ол үш ұпайлық лақтырулардың онынан жетісін дәл орындап, төрт подбор және төрт ұстап алу жасады. Даниил Севергин 20 ұпай, Владимир Иванов 11 ұпай еншіледі. Қырғызстан сапында Темирлан Капаков пен Назим Адылбеков 17 ұпайдан жинады.

Бұл жеңіс Қазақстанға топтың үздік үштігіне енуін мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Алаң иелерімен бірге екінші кезеңге жолдаманы Палестина мен Шри-Ланка алды.

Шри-Ланкаға қарсы соңғы ойында алаң иелері үлкен үзіліске дейін жеңімпаз туралы барлық сұрақтарды шешіп қойды. Бірінші ширек 25:8 есебімен аяқталды, ал матч ортасында Қазақстан 51:15 есебімен алда болды. Екінші жартыда қарсылас айырмашылықты қысқартқанымен, бұл қазақстандықтардың ірі жеңіске жетуіне кедергі болмады – 87:58.

Қазақстанның үздік мергені Шаим Куанов болды, ол 15 ұпай, жеті подбор және үш пас жинады. Руслан Айткали дабл-дабл жасады: 12 ұпай және жеті подбор, Станислав Сахипов – 11 ұпай, Антон Быков – 10. Шри-Ланка сапында Канде Дасун Ниланта Мендиса 19 ұпай жинады.

Осылайша, Қазақстан құрамасы үй кезеңін төрт матчтың үшеуінде жеңіспен аяқтады. Қырғызстан мен Шри-Ланкадан бөлек, Александр Лысяк командасы Мальдивтерді (114:43) тізе бүктірді. Жалғыз жеңілісті қазақстандықтар Палестинадан (67:80) көрді.

В тобында бірінші орынды барлық төрт матчта жеңіп, сегіз ұпай жинаған Палестина алды. Қазақстан жеті ұпаймен екінші, Шри-Ланка (6) үшінші болды. Қырғызстан (5) мен Мальдивтер (4) Азия Кубогы үшін күресті аяқтады.

Екінші алдын ала кезеңде Қазақстан, Палестина және Шри-Ланка А тобының үздік үш құрамасымен бірге Е тобына түседі. Ойындар 2026 жылдың 23 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығындағы халықаралық терезеде өтеді. Алты команданың төртеуі Азия Кубогы-2029 негізгі іріктеу турниріне жолдама алады.