Астықтың сапасына бәрі байланысты: нанның дәмі, қоректік құндылығы және дайын өнімнің қауіпсіздігі. Қазақстан — әлемдегі жетекші астық өндіруші елдердің бірі: 2025 жылы орташа өнімділік гектарына 17 центнер болғанда, елде 27,1 млн тонна астық жиналды, оның 20,3 млн тоннасы бидай. Мұндай үлкен көлем тиісінше ауқымды бақылауды талап етеді: егер астық өсіру, кептіру немесе сақтау кезінде ереже бұзылса, ол қоректік құндылығын жоғалтып, қауіпті заттардың көзіне айналуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы түсіндіргендей, көрсеткіштердің екі негізгі тобы бар. Біріншісі — сапа көрсеткіштері: ылғалдылық, ақуыз бен клейковина мөлшері, қоспалардың саны және т.б. Нанның дәмі, пісірілген өнімнің көтерілуі мен қоректік құндылығы осыларға байланысты. Екінші топқа қауіпсіздік көрсеткіштері, яғни денсаулыққа зиянды заттардың мөлшері жатады.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде астық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар Кеден одағының ТР ТС 015/2011 «Астық қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентімен белгіленген. Ол микотоксиндердің, пестицидтердің (өсімдік қорғау құралдарының) қалдықтарының, улы элементтердің (қорғасын, кадмий, сынап, мышьяк), радионуклидтердің мөлшерін, сондай-ақ зиянкестермен зақымдануды және зиянды қоспалардың болуын реттейді.
Микотоксиндерге ерекше назар аударылады. Бұл — астық егістікте зақымданғанда немесе дұрыс сақталмағанда зең саңырауқұлақтары бөлетін улы заттар. Олардың қауіптілігі — қыздыруға төзімді, пісіргеннен немесе қайнатқаннан кейін де өнімде сақталуы мүмкін. «Астықты зертханалық бақылау өнім ұнға, нанға немесе балалар тағамына жетпей тұрып, оның нормативтерге сәйкестігіне көз жеткізуге мүмкіндік береді», — дейді Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» РМК зертханасының маманы Дәмегүл Мәдединова. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығында бұл көрсеткіштерді санитарлық-химиялық зерттеулер, токсикология, ЖТИ және диоксиндерді анықтау, радиология зертханалары айқындайды.
«Талдау нәтижесі сынаманың қаншалықты дұрыс алынғанына байланысты. Бетінен бір уыс алу бүкіл партияны көрсетпейді: зең мен токсиндер біркелкі емес, ошақтап таралады», — дейді Дәмегүл Мәдединова. Материалды тапсыру кезіндегі жиі кететін қателіктерге партияның бірнеше нүктесінен емес, бір жерден сынама алу, ылғал немесе герметикалық емес ыдысқа салу, жеткізуге дейін үлгіні жылы жерде ұзақ сақтау және партия нөмірі, күні мен алынған жері көрсетілген таңбалаудың болмауы жатады.
Рұқсат етілген нормадан жоғары ластанған өнімдерді үнемі тұтыну денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ауытқуларды астық ұнға, нанға немесе жармаға айналмай тұрып, шикізат кезеңінде анықтау өте маңызды.
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығында атап өткендей: астықтың сапасы нанның дәмі мен қоректілігін айқындайды, бірақ оның қауіпсіздігін көзбен бағалау мүмкін емес. Микотоксиндер, пестицидтер мен ауыр металдар тек зертханалық әдістермен анықталады, ал тұтынушылардың денсаулығын дәл осы жүйелі зертханалық бақылау қорғайды.


