Қазақстан мен Әзірбайжан коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылған Каспий теңізіндегі жолаушылар тасымалын қайта бастау туралы келісімге келді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Әзірбайжандағы елшісі Әлім Байел хабарлады, деп жазады NUR.KZ, infohub.kz сайтына сілтеме жасап.
Дипломаттың айтуынша, қазақстандық тарап Құрық порты — Баку порты — Құрық порты бағытындағы паром желісінде жолаушылар қатынасын қалпына келтіру бастамасын көтерді. Бұл тасымалдар 2020 жылға дейін жұмыс істеп, COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатылған еді.
Әлім Байел тоқтатылғанға дейін Каспий арқылы жолаушылар тасымалы қызметін жылына шамамен 1500 адам пайдаланғанын атап өтті. Дипломат болашақта осы бағыт бойынша сапарға шыққысы келетіндердің саны айтарлықтай артатынына сенім білдірді. Паром желісінің қайта жұмыс істеуі елдер арасындағы жолаушылар қатынасының дамуына серпін беріп, туристік алмасуды күшейтіп, Орта дәліздің мүмкіндіктерін кеңейтеді деп күтілуде.
Елші сондай-ақ әзірбайжан тарапы Қазақстанның ұсынысын қолдағанын хабарлады. Қазіргі уақытта екі елдің көлік ведомстволары жолаушылар қатынасын тезірек қалпына келтіру бойынша жұмысқа кірісті. Баку мен Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау сияқты қазақстандық қалалар арасында 37 әуе рейсі орындалатыны атап өтілді.


