Қазақстандық балуандар халықаралық аренада өздерінің жоғары деңгейін тағы да дәлелдеді: Бакуде аяқталған күрес бойынша жасөспірімдер (U17) әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы төрт медаль жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан командасының қоржынында — бір алтын және үш қола. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бакдаулет Агабек алтын медаль иеленді, ал қола жүлдегерлер Мардан Орынбасар (60 кг), Әділет Рысбай (71 кг) және Инжу Баккожа (46 кг) атанды.
Еркін күрес жарысында Бакдаулет Агабек Тәжікстан, Болгария, Моңғолия және Өзбекстан балуандарын жеңіп, финалға сенімді жол тартты. Шешуші белдесуде қазақстандық спортшы Үндістан өкілі Арьянды басым түсіп, айқын жеңіске жетті.
Қола медаль үшін өткен жұбаныш белдесулерінде Мардан Орынбасар грузиялық балуан Давит Мдзевашвилиден басым түссе, Әділет Рысбай түрікменстандық Мекан Худайбереновтен күштірек болды.
Өкінішке қарай, Данияр Замир (65 кг) мен Сағындық Темірғали (110 кг) үшінші орын үшін белдесуде жеңіліп, тұғырдан бір қадам қалды.
Осылайша, Қазақстанның еркін күрес бойынша жасөспірімдер құрамасы әлем біріншілігін бір алтын және екі қола медальмен аяқтады.
Әйелдер күресі жарысында қазақстандық команда да медаль қоржынын толықтырды. Айша Әбдімалік (65 кг) жеңіп алған күміс медальдан бөлек, Инжу Баккожа үшінші орын үшін белдесуде ресейлік Алина Баранованы жеңіп, қола жүлдені иеленді.
Аянат Мейнамбай (49 кг) мен Аружан Бақытнұр (61 кг) қола медаль үшін белдесуде жеңіліп, бесінші орынмен қоштасты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның грек-рим күресі бойынша жасөспірімдер құрамасы бұл чемпионатта үш медаль жеңіп алған болатын: Дияр Аманали (55 кг) алтын, Әли Алмас (48 кг) күміс, Әлінұр Төлеуғали (71 кг) қола.
Күрес бойынша жасөспірімдер (U17) әлем чемпионаты Бакуде (Әзірбайжан) 27 шілде мен 2 тамыз аралығында өтті. Жарысқа 675 спортшы қатысып, 30 жүлде жиынтығын сарапқа салды — грек-рим, еркін және әйелдер күресінен оннан.


