Грузияда қазақстандық азаматқа өзімен бірге алып жүрген дәрі-дәрмекке байланысты ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Оқиға сәуір айында болған, бірақ енді ғана жария болды. Щучинск қаласының 44 жастағы жүргізушісі Иван Чекулаев Поти портында кедендік бақылаудан өту кезінде ұсталып, одан ауырсынуды басатын дәрі табылған, деп хабарлайды infohub.kz.

Ер адам Грузиядан кезекті рейсін орындап жатқанда, кеден қызметкерлері одан дәрі тапқан. Иванның әйелі Юлия Чекулаеваның айтуынша, бұл дәріні Германиядағы дәрігер арқа ауруын емдеу үшін жазған. Алайда оның қолында рецепті болмаған.

«Біз оны рейстен күтіп жүрміз, үйге оралғанын қалаймыз. Ол өте сабырлы, жауапты жігіт. Ол ешқандай қылмыс жасай алмайды. Тек қағазы қолында болмаған, міне, сондықтан», — деді жүргізушінің әйелі.

Грузияда бұл дәрі психотроптық және есірткі заттарына жатқызылған, олардың айналымы заңмен қатаң реттеледі. Осыған байланысты қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Чекулаевқа Грузия Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылғанын растады. «Бұл бап есірткі немесе психотроптық заттарды сату мақсатынсыз заңсыз сақтау немесе тасымалдау үшін жауапкершілікті көздейді. Грузиядағы қазақстандық дипломаттар өз құзыреті шеңберінде отандасымызға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Бұл мәселе министрліктің бақылауында», — деп мәлімдеді ҚР СІМ.

Телеарнаның мәліметінше, кінәлі деп танылған жағдайда қазақстандыққа 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қауіп төніп тұр.