Маңғыстау облысында дизель отынын ірі көлемде заңсыз шығару әрекеттерінің жолы кесілді. Оқиғалар «Тажен» кеден бекетінде тіркелді, деп хабарлайды infohub.kz.

Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, Қазақстанда 21 мамыр мен 21 қараша аралығында бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен ел аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге шығаруға тыйым салынған.

Шектеулерге қарамастан, халықаралық тасымалдаушы кейбір жүргізушілер зауыттық конструкцияда қарастырылмаған қосымша отын бактарын орнатып, тыйымды айналып өтуге тырысады. Мұндай бұзушылықтар «Тажен» кеден бекетінің инспекторларымен жүйелі түрде анықталып, жолы кесілуде.

Атап айтқанда, DAF көлігінің жүргізушісінен көлемі 180 литр болатын, толығымен дизель отынымен толтырылған қосымша бак табылды. Басқа бұзушылар 70-тен 500 литрге дейін отын шығаруға тырысқан.

Осы фактілер бойынша Бейнеу аудандық соты ҚР ӘҚБтК-нің 545-бабы бойынша бірқатар әкімшілік істі қарады. Барлық жағдайда бұзушылар халықаралық тасымалдаушы жүргізушілер, негізінен Өзбекстан азаматтары болып шықты, олар кеден бекеті арқылы дизель отынын шығаруға тырысқан.

«Барлық жағдайда сот жүргізушілерді кінәлі деп танып, отынды мемлекет кірісіне тәркіледі және әрқайсысына 15 АЕК (64 875 теңге) мөлшерінде айыппұл салды. Сот кінәні мойындау мен өкінуді ескерді, алайда заңда көзделген санкцияны толық көлемде қалдырды», — деп қосты облыстық МКД.

Департамент кеден бекеті қызметкерлері құжаттарды тек формальды тексеріп қана қоймай, көлік құралдарын мұқият қарап, жүргізушілердің ЖЖМ-де жиі толтыратын қолдан орнатылған қосымша ыдыстарды анықтайтынын ескертті.