Қазақстан құрамасы Братиславада өткен жастар арасындағы күрес бойынша әлем чемпионатында медальдар санағында тоғызыншы орынға ие болды. Турнирге әртүрлі елдерден 700 жас спортшы қатысып, грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 120 жүлде жиынтығын сарапқа салды... деп хабарлайды infohub.kz.

Жарыстың соңғы күнінде 74 келіге дейінгі салмақта сынға түскен еркін күрес шебері Нұрдәулет Сейлбек қола жүлдені жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол италиялық Алессио Антонио Перентинаны 10:5 есебімен басым түсті.

Сейлбек медальға жету жолында румындық Каталин Спинаны (11:1) және түрік Умут Юслуды (3:1) тізе бүктірді, алайда жартылай финалда америкалық Джейден Джеймстен (4:13) ұтылып қалды.

Еркін күрестегі басқа өкілдер — Сұңқар Сейдахмет (70 кг), Самир Дурсунов (97 кг) және Риза Изахар (125 кг) — жүлделі белдесулерге өте алмады.

Жалпы Братиславада Қазақстан атынан 30 спортшы сынға түсті: 20 жігіт және 10 қыз. Олардың еншісінде әртүрлі дәрежедегі бес жүлде бар. 67 келіге дейінгі салмақта классикалық күрес шебері Қызыбек Қалмағамбетов алтын алды. Күміс жүлдені еркін күрес шебері Бекасыл Асамбек (61 кг) қоржынға салды. Қола медальдарды Ұлдана Тілеухан (68 кг), сондай-ақ еркін күрес шеберлері Нұрасыл Асамбек (57 кг) және Нұрдәулет Сейлбек иеленді.

Медальдар санағында Қазақстан Армениямен тоғызыншы орынды бөлісті. Жеңіске Жапония құрамасы жетті, олар мәреге ресейліктерден озып келді. Үшінші орынды АҚШ спортшылары алды.