Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Грузияда ауырсынуды басатын дәріге байланысты сотталып жатқан қазақстандық жүк көлігінің жүргізушісі Иван Чекулаевтың ісіне қатысты ресми мәлімдеме жасады. Дипломатиялық ведомство Грузиядағы Қазақстан елшілігі азаматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын, ал қызметкерлер оның туыстарымен байланыста екенін растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

СІМ нақтылағандай, сөз 2026 жылдың сәуірінде Поти портында ұсталған ер адам туралы болып отыр. Консулдық қызметкерлер азаматты ұстау орнында көріп, сот отырыстарына қатысып, адвокат іздеуге жәрдемдесіп, оның туыстарымен байланысын үзбей отыр.

Ведомство дипломаттар қазақстандыққа консулдық-құқықтық көмекті жалғастыра беретінін атап өтті.

Еске салайық, 44 жастағы Иван Чекулаев жүк көлігін жүргізіп, Грузияға кезекті рейсімен аттанған. Оның жұбайы Юлия Чекулаеваның айтуынша, Поти портында тексеру кезінде ер адамнан Грузияда психотроптық және есірткі заттарына теңестірілетін ауырсынуды басатын дәрі табылған.

Әйелдің сөзінше, арқасының ауыруына қарсы дәріні күйеуіне Германияда дәрігер тағайындаған, алайда ол рецептті өзімен бірге алып жүрмеген. Енді қазақстандыққа 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы төніп тұр.