Ертеңнен бастап Қазақстанда ұялы телефондарды сатудың жаңа ережелері күшіне енеді. Енді сатушылар мәміле жасалғанға дейін сатып алушыға IMEI-кодты ұсынуға, сондай-ақ оны мемлекеттік органдарда алдын ала тіркеуге міндетті. Салалық ведомствоның пікірінше, бұл жаңашылдық тұтынушыларды құлыпталған немесе қате IMEI-кодтары бар жалған аппараттарды сатып алудан қорғауға көмектеседі, деп хабарлайды infohub.kz.

Алайда барлық кәсіпкерлер жаңашылдықты қуанышпен қарсы алған жоқ. Астаналық кәсіпкер Дәулет Қажиев жаңа талаптар смартфон сатылымын тежейтініне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдарда тіркеу рәсімі жеті-сегіз күнге созылады, бұл дүкен жұмысына кері әсерін тигізеді. «Біздің жұмысымызға уақыт жағынан әсер етті, яғни мемлекеттік органдар ақпаратты өңдеп, бізге 7-8 күн ішінде тіркеуді береді. Осыған байланысты біздің жұмысымызға, әрине, әсер етті. Яғни, біз әзірге тексеруден өтіп жатырмыз, тексерілмеген телефондарды сатпаймыз. Біз тек тіркеуден өткеннен кейін ғана сатамыз», — деді кәсіпкер.

Салалық комитетте кәсіпкерлерді сабырлы болуға шақырып, уақыт өте келе тексеру рәсімі жылдамдайтынын атап өтті. Мамандар жаңа ережелер отандық нарықты жалған ұялы құрылғылардан қорғау үшін қажет екенін айтады. «Бізге хабарламалар түсті. Сатып алушы телефонды алып, ол жұмыс істемей қалған жағдайлар болды. Оның зауыттық па, жоқ па екенін айту қиын. Мұндай шағымдар болды», — деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Шәкәрім Хайдар.

Өзгерістер тек қарапайым дүкендерге ғана емес, маркетплейстерге де әсер етеді. Енді олар сатушылармен жасалатын агенттік шарттарға ұялы құрылғылардың IMEI базасында құлыптаулар мен шектеулердің бар-жоғын міндетті түрде тексеру шартын енгізуге міндетті. Әйтпесе, техникалық реттеу талаптарына сәйкес келмейтін тауарды сатқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Бұл 400 мың теңгеден 2,5 миллион теңгеге дейінгі айыппұл. Сонымен қатар, жаңа ережелер сатып алушының құқығын кеңейтеді: егер оған тексеруден өтпеген құрылғы сатылса, ол дүкеннен бағаны төмендетуді, кемшіліктерді тегін жоюды, оларды жоюға кеткен шығындарды өтеуді, құрылғыны ауыстыруды немесе ақшаны қайтаруды талап ете алады.