Қазақстан құрамасы Венгрияда өтіп жатқан жасөспірімдер (U19) арасындағы су спортынан әлем чемпионатында екі рет үздік ондыққа енді, деп хабарлайды infohub.kz.
Топтық техникалық бағдарламада қазақстандық команда сегізінші орынға ие болды, ал Даяна Джаманчалова мен Макпал Калмурза дуэті әйелдер дуэттері арасындағы техникалық бағдарламада оныншы орынға тұрақтады.
Топтық жарыстарда ел намысын Салима Ақылбек, София Ищенко, Полина Мерзлякова, Айганым Саим, Анастасия Воронкова, Тахмина Заирова, Джаманчалова және Калмурза қорғады. Синхроншылар 250,1 ұпай жинап, қорытынды хаттамада сегізінші сатыға орналасты.
Бұл дисциплинада алтынды Ресей құрамасы 290,1 ұпаймен жеңіп алды. Екінші орынды Қытай (283,0 ұпай) иеленді, ал үздік үштікті Испания (273,0 ұпай) тұйықтады.
Әйелдер дуэттері арасындағы техникалық бағдарламада Джаманчалова мен Калмурза төрешілерден 265,1 ұпай алып, 27 дуэттің ішінде оныншы орынға ие болды.
Жеңісті ресейліктер Кристина Чеханова мен Анастасия Сидорина – 300,2 ұпаймен бағындырды. Күміс Қытай өкілдері Хэ Чжиэнь мен Чжоу Куньиге бұйырды – 289,7. Үшінші орынды испандықтар Найя Альварес пен Даниэла Суарес – 289,3 ұпаймен иеленді.
Екі жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында бір медаль бар. Оны ерлер арасындағы техникалық солода қола жүлдегер атанған Виктор Друзин жеңіп алды.
Жасөспірімдер (U19) арасындағы әлем чемпионаты Будапештте (Венгрия) 12-16 тамыз аралығында өтіп жатыр. Оған 35 елден 300 спортшы қатысуда. Барлығы 11 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан атынан 12 спортшы сынға түседі.


