Қазақстан ғарыш техникасының халықаралық нарығына шығуды көздеп отыр: елде спутниктер мен олардың құрамдас бөліктерін өндіру жолға қойылып, кейіннен оларды Орталық Азияға, Таяу Шығысқа және Еуропаға жеткізу жоспарлануда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жоба Оңтүстік Кореяның ғарыш саласындағы ірі ойыншыларының бірі — CONTEC Space Group компаниясымен талқылануда. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Сеулдегі компанияның құрастыру-сынақ кешеніне барып, оның басқарма төрағасы Ли Сонхимен кездесті.

Корейлық топ қазақстандық «Ғалам» жобасына қаржы салу мүмкіндігін қарастырып отыр. Әңгіме тек қаржылай қатысу туралы ғана емес, сонымен қатар спутниктерді бірлесіп құрастыру, құрамдас бөліктер шығару және жерүсті станциялар желісін дамыту туралы болып отыр.

Келіссөздердің басты нәтижесі Қазақстанда толыққанды өндірістік хаб құру болуы мүмкін. Онда ішкі нарық пен экспортқа арналған спутниктік құрамдас бөліктер шығарылмақ. Тағы бір ықтимал жоба — ірі габаритті антенна жүйелерін өндіруді жергіліктендіру.

Ғарыштық суреттерді тараптар жасанды интеллект көмегімен өңдеуді ұсынып отыр. Бұл Жерді қашықтықтан зондтау деректерін жылдам талдауға және оларды, мысалы, ауыл шаруашылығы жерлерін, табиғи аумақтар мен инфрақұрылымды бақылауға пайдалануға мүмкіндік береді.

CONTEC Space Group құрамына CONTEC, Asia Pacific Satellite Corporation және Texas Space Communication компаниялары кіреді. Топ Оңтүстік Кореяның мемлекеттік спутниктеріне арналған борттық компьютерлерді жеткізіп, АҚШ, Чили, ОАР және Австралияны қоса алғанда, әртүрлі елдердегі 17 жерүсті станциясын басқарады.

Жақын арада корейлік компания Қазақстанда еншілес құрылым тіркеуді жоспарлап отыр. Ынтымақтастықтың нақты параметрлері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары барысында ұсынылуы тиіс.