2025 жылы Қазақстан тұрғындары сұлулық саласындағы қызметтерге 127 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған, деп хабарлайды infohub.kz.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елдегі сұлулық қызметтерінің жалпы көлемі 127,3 млрд теңгені құрады. Ең үлкен үлес шаштараз қызметтеріне тиесілі — 67,5 млрд теңге, бұл былтырғыдан 5,3%-ға артық.

Маникюр мен педикюрді қамтитын косметикалық қызметтер 7,5 млрд теңге әкелді. Тағы 52,3 млрд теңге сұлулық салондарының басқа да қызметтеріне, оның ішінде шашты өңдеуге байланысты қызметтерге тиесілі.

Ведомствоның атап өтуінше, сұлулық индустриясы қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де белсенді дамып келеді. 2025 жылы ауылдардағы шаштараз қызметтерінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 4,2%-ға өсіп, 34,3 млрд теңгеге жетті. Ауылдық жерлерде сұлулық салондарының басқа қызметтері 1,9 млрд теңгені, ал косметологиялық қызметтер 814,9 млн теңгені құрады.