Шілдедегі ыстық Қазақстанның бірнеше қаласында температура максимумдарын жаңартты. Түркістанда ауа +47,6 градусқа дейін қызды, деп хабарлайды infohub.kz.

«Қазгидромет» деректері бойынша, шілдеде елдің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–4 градусқа жоғары болды. Алматыда бір ай ішінде төрт жаңа максимум тіркелді: 16 шілдеде температура +38 градусқа, 17 шілдеде +39,2-ге, 18 шілдеде +40-қа, ал 20 шілдеде +41,5 градусқа жетті.

Шымкентте ауа +45,2 градусқа дейін қызды. Мұнда 1915 жылғы екі температура рекорды бірден жаңартылды: 16 шілдедегі көрсеткіш +41,1-ден +45,2 градусқа, ал 17 шілдеде +40,1-ден +45,2 градусқа көтерілді.

Жоғары температура басқа қалаларда да байқалды. Астанада 14 шілдеде термометр бағандары +38,6 градусқа, ал Өскеменде 16 шілдеде +39,7-ге көтерілді.

Қызылордада 17 шілдеде температура +45,2 градусқа жетті. Түркістанда одан да жоғары көрсеткіш тіркелді: 18 шілдеде ауа +47,6 градусқа дейін қызды. 2019 жылы белгіленген алдыңғы максимум +43,7 градус болған еді.

Шілде тек ыстық әкелген жоқ. Кейбір аудандарда жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан айтарлықтай асып түсті. Мәселен, Түркістан облысындағы Жетісайда бір ай ішінде климаттық нормадан 15 есе көп жауын-шашын түсті.