Қазақстан әуежайларында ұшу билеттерінің артқы жағында жолаушыларға терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ жекелеген заттарды тасымалдауға тыйым салу туралы еске салатын профилактикалық материалдар орналастырыла бастады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, енді ұшу билетін алған жолаушылар бомба туралы ойланбай айтылған «әзілдің» өзі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екендігі туралы қосымша хабардар етіледі. Сондай-ақ ескертпеде тасымалдауға тыйым салынған заттар, оның ішінде кастеттер, атыс қаруы, оқ-дәрілер және басқа да қауіпті бұйымдар туралы ақпарат бар.
Қазіргі уақытта мұндай тәжірибе Астана, Алматы, Түркістан және Қарағанды халықаралық әуежайларында енгізілген. Жақын арада профилактикалық материалдарды еліміздің басқа да әуежайларында орналастыру жоспарлануда.


