Қазақстандықтардың шамамен 86%-ы өміріне қанағаттанады, ал жартысынан көбі одан әрі оң өзгерістерді күтеді. Бұл деректерді Астанада өткен National Think Tank Forum-да Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова жария етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оның айтуынша, зерттеулер қазақстандықтардың 85,8%-ы өміріне қанағаттанатынын, ал 60%-ы одан әрі оң өзгерістерді күтетінін көрсетеді.
«Келесі кезең – жеке көрсеткіштерді өлшеуден демографиялық, әлеуметтік, экономикалық, технологиялық және институционалдық өзгерістердің адамның әл-ауқаты мен жаңа мүмкіндіктеріне қалай айналатынын кешенді бағалауға көшу», – деді Ысқақова.
Форумда мемлекеттік органдар мен аналитикалық орталықтардың өкілдері Қазақстанның даму нәтижелері мен алдағы жылдары ел назар аударуға тиіс бағыттарды талқылады.
Қазақстан Орталық Азияда көшбасшылығын сақтап қалды. Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасының орынбасары Дастан Ақыбаевтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 159,6 трлн теңгеге, яғни шамамен $306 млрд-қа жетті.
Ол келтірген деректер бойынша, Қазақстанға Орталық Азияның жиынтық ЖІӨ-нің шамамен 54%-ы тиесілі, ал соңғы бес жылда экономиканың нақты өсімі 21,3%-ды құрады.
Тағы бір айтарлықтай көрсеткіш – шикізаттық емес экспорт. QazIndustry басқарма төрағасы Эльдар Ғұмаровтың айтуынша, 2025 жылы оның көлемі $29 млрд-қа жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 45%-ға өсті.
Қазақстан көрсеткіштердің өсуінен сапаға көшкісі келеді. Форумға қатысушылар білім беру, цифрландыру және жасанды интеллект мәселелерін жеке талқылады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір Қазақстанда шетелдік университеттердің 33 филиалы жұмыс істейді, ал отандық жоғары оқу орындарында 92 елден 37 мыңнан астам шетелдік студент білім алады.
«Сапалы білімді, халықаралық таланттар мобильділігін, жасанды интеллект пен қолданбалы ғылымды ұштастыру Қазақстанның білім экономикасына көшуінің негізін қалыптастырады», – деді Нұрбек.
Q.AI бас директоры Дмитрий Мун Қазақстанның БҰҰ электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 елдің ішінде 24-орында тұрғанын және онлайн-қызметтер индексі бойынша алғашқы ондыққа кіретінін атап өтті. Цифрландырудың келесі кезеңі Ұлттық жасанды интеллект платформасы, AI-агенттер және деректерге негізделген басқару болуы тиіс.
Форумға қатысушылар елдің одан әрі дамуы енді тек салынған нысандардың санымен, экономика көлемімен немесе мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігімен өлшенбеуі керек деген ортақ пікірге келді. Олар негізгі міндет ретінде сапалы өзгерістерге – білім деңгейін арттыруға, экономиканың технологиялық деңгейін көтеруге және мемлекеттік институттардың жаңа жағдайларға бейімделу қабілетін арттыруға көшуді атады.


