Қазақстан Үкіметі отандық жеңіл өнеркәсіпті қолдау үшін шаралар кешенін әзірледі. Өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қолжетімділігі кеңейтіледі, шикізатты локализациялауға және мектеп формасының сапасына қойылатын талаптар күшейтіледі, сондай-ақ сертификаттау шығындары азаяды, деп хабарлайды infohub.kz.

Сала өкілдерімен кездесуде атап өтілгендей, шаралардың бірі мемлекеттік қорғаныс тапсырысына қатысты. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алу кезінде шикізаттың ел ішіндегі құнына қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен арттыру ұсынылады. Бұл қазақстандық шикізатты пайдалануды арттыруға және отандық өндірушілердің тұрақты жүктелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін мемлекеттік сатып алу саласында да кеңейту жоспарлануда. Ол үшін «Еңбек» РМК арқылы бір көзден сатып алынатын жеңіл өнеркәсіп тауарларының тізбесін қайта қарау ұсынылады. Тізбеде ұйымның ішкі қажеттіліктеріне арналған өнімдерді ғана қалдырып, отандық кәсіпорындарға мемлекеттік сатып алуға кеңірек қолжетімділік ашу ұсынылады.

Өзгерістер мектеп формасына да әсер етеді. Оның сапасына қойылатын талаптарды күшейтіп, ұлттық стандарттарға сәйкестігін нормативтік тұрғыдан бекіту ұсынылады.

Сондай-ақ сертификаттау мен зертханалық сынақтардың құны мәселесі қаралды. Бизнес өкілдері бұған дейін мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін өнімді сертификаттаудың қымбаттығын атап өткен болатын. Сала ұсыныстарын ескере отырып, өнімді сынауға арналған тіркелген тарифтерді көздейтін әдістемені әзірлеу шешілді. Бұл қызмет құнын неғұрлым ашық етіп, өндірушілердің шығындарын азайтуға тиіс.

«Жедел шараларды заңға тәуелді актілер деңгейінде, ал жүйелі шараларды заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді жоспары аясында Салық кодексіне және басқа да заңнамалық актілерге түзетулер пакеті дайындалды», — деп атап өтті Үкіметте.

Негізгі құралдардың бірі ретінде локализацияны арттыру туралы келісімді ұсыну жоспарлануда. Тиісті міндеттемелерді өз мойнына алған кәсіпорындар салықтық жеңілдіктерге, оның ішінде объектілердің орналасқан жеріне қарамастан, экстерриториалдық нормасының арқасында ие бола алады.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда киім өндірісі 136 пайызға өскенін жазған болатын. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 22,6 пайызға өсіп, 259,5 млрд теңгені құрады. Өсудің негізгі қозғаушысы — 159 млрд теңге көлеміндегі тоқыма саласы.

«Сала өңдеу өнеркәсібінің ең жылдам дамып келе жатқан сегменттерінің бірі болып қала береді», — деп түсіндірді Өнеркәсіп министрлігінде.