Жамбыл облысында сот әскерде қызмет етіп жүрген кезде тұрғылықты жері бойынша тіркелмегені үшін жас жігітке салынған 15 мың теңге айыппұлды жойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Талас аудандық соты азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркеу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулыға шағымын қарады.

2026 жылғы маусымда Қаратау қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында тексеру кезінде жігіттің тұрғылықты жері бойынша тіркелмегені анықталды. Оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 492-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, 15 мың теңге айыппұл салынды.

Бұл шешіммен келіспеген жігіт сотқа жүгінді. Ол 2025 жылғы маусымнан бастап Ұлттық ұланда әскери қызмет өткергенін, ал 2026 жылғы маусымда қызмет мерзімінің аяқталуына байланысты запасқа шығарылғанын түсіндірді.

Жігіт әскери қызмет өткеру кезінде әкесі оны тұрғылықты жері бойынша есептен шығарғанын, бұл туралы ол әскери қызмет аяқталғаннан кейін ғана білгенін айтты.

Азаматтың әскери қызмет өткергені сотта құжаттармен расталды.

Сот лауазымды тұлғаның адамды жауапкершілікке тарту мәселесін дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық мән-жайларды тиісті түрде зерттемегенін атап өтті. Жіберілген процестік бұзушылықтар істі жан-жақты, толық және объективті қарауға кедергі келтірді.

Осыған байланысты сот шағымды қанағаттандырып, айыппұлды жойып, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты.

Қаулы заңды күшіне енді.