Жамбыл облысында бала кезінен мүгедек ер адам анасы қайтыс болғаннан 34 жыл өткен соң асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы төлеуден бас тартуға қатысты сотқа жүгінді. Дау медиация көмегімен бейбіт жолмен шешілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, бала кезінен мүгедек ер адам халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне талап арызбен жүгінген. Талапкердің анасы 1992 жылы, ол кәмелетке толмаған кезде қайтыс болған. Ол анасымен бірге тұрып, толық асырауында болған. 1994 жылы оған бала кезінен III топ мүгедектігі ресми түрде белгіленген.
Талапкер департаментке асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы тағайындау туралы өтінішпен жүгінген, бірақ бас тартылған. Бас тартудың негіздерінің бірі – анасы қайтыс болған кезде оның асырауында болғанын құжаттық растаудың болмауы, сондай-ақ мүгедектіктің кейінірек ресми түрде белгіленуі.
Бас тартумен келіспеген талапкер сотқа жүгініп, ол кәмелетке толмағандықтан өзін өзі қамтамасыз ете алмағанын, ал мүгедектіктің бала кезінен белгіленгенін көрсеткен.
Сотта татуласу рәсімдерін қолдану нәтижесінде тараптар дауды бейбіт жолмен реттеуге шешім қабылдап, медиативтік келісім жасасты. Келісім шарттары бойынша талапкер жәрдемақы тағайындау туралы өтінішпен департаментке қайта жүгінуге міндеттенді. Өз кезегінде ведомство өтінішті тиісті түрде қарап, ол бойынша оңтайлы шешім қабылдауға міндеттенді.
Келісім сотпен бекітіліп, талапкерге төленген мемлекеттік баж қайтарылды. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.


