Қазақстандық Ясмина Исламова мен Алдияр Рамазанов Будапеште өтіп жатқан артистикалық жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Аралас дуэттер бағдарламасында олар екінші орынға ие болды, деп хабарлайды infohub.kz.
Финалда қазақстандықтар 248,1 ұпай жинап, тек испандық Арлет Арнан Сантакрус пен Энеко Санчес Агилардан ғана қалыс қалды. Олар 263,3 ұпаймен алтын алды. Қола жүлдені жапондық Хэйдзо Айтака мен Манами Додо иеленді — 246,9 ұпай.
Исламова мен Рамазанов үшін бұл турнирдегі екінші өнер көрсету болды. Бір күн бұрын дуэт техникалық бағдарламада 208,4 ұпаймен бесінші орынға тұрақтаған еді. Бұл сында ресейліктер Алина Румянцева мен Захар Трофимов (234,1 ұпай) жеңіске жетті, екінші орында испандықтар Мартина Гарсия мен Энеко Санчес Агилар (221,7), үшінші орында қытайлықтар Чен Кэюй мен Цзинь Яньсяо (217,5) тұрды.
Аралас дуэттің күмісі Қазақстан құрамасының чемпионаттағы екінші жүлдесі болды. Бұған дейін Виктор Друзин ерлер арасындағы жеке техникалық бағдарламада қола жүлдегер атанған.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты (U19) Будапеште 12-16 тамыз аралығында өтуде. Жарысқа 35 елден 300 спортшы қатысып, 11 медаль жиынтығын сарапқа салуда. Қазақстан атынан 12 спортшы сынға түсуде.


