Қазақстанда 50 мыңнан астам бұрынғы студент алған білім гранттарын өтемеген, ал олардың тек бір бөлігі ғана қаражатты мемлекет қазынасына қайтарған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Almaty.tv телеарнасының мәліметінше, 2012 жылдан бастап мемлекет есебінен еліміздің жоғары оқу орындарында 350 мыңнан астам студент — бакалавр, магистр және докторант білім алған. Алайда бәрі бірдей үш жыл ішінде алған грантын өтеу қажеттігін еске бере бермейді. Соңғы 12 жылда жоғары оқу орындарының түлектері мемлекеттік бюджетке 7,5 млрд теңгеден астам қаражат қайтарған.
Айта кету керек, егер жас маман маусым айында диплом алса, ол күзге дейін өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, тиісті мерзімді өтеуі тиіс. Бос жұмыс орны болмаған жағдайда жергілікті Мансап орталығына жүгініп, жұмыс іздеуші ретінде тіркелу қажет. Дегенмен, өтеуден босатылуы немесе кейінге қалдырылуы мүмкін азаматтар санаттары бар.
«Комиссия босату бойынша келесі мәселелерді қарастырады. 1, 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар бізде босатылады, жүкті әйелдер және үш жасқа дейінгі балалары бар адамдар. Сондай-ақ, бізде (босата алады — ред.) магистратураға, докторантураға немесе резидентураға грантқа одан әрі түскен кезде, олар кейінге қалдыру ала алады. Осы оқуды аяқтағаннан кейін олар диплом негізінде өтеу міндетінен толық босатыла алады», — деп түсіндірді «Қаржы орталығы» АҚ жетекші маманы Ақзира Серікқали.
Грант бойынша докторантурада оқығандардың бірі — Анар Құрманғалиева. Қыздың айтуынша, түсу кезінде оларға өтеу талаптары бірден түсіндірілген, ал талапкерлер кейінгі міндеттемелерге жазбаша келісім берген. Қазір ол Ұлттық хореография академиясында баспасөз хатшысы қызметінде мемлекет қаражатын өтеп жүр.
«Талаптарды айтқан кезде бізге мысал ретінде жоғары оқу орындарына, орта арнаулы білім беру мекемелеріне, ғылыми-зерттеу орталықтарына және мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасуға болатынын айтты. Біздің университетке қаржы орталығынан адамдар келіп, өтеудің барлық қыр-сырын түсіндірді. Қандай жағдайда кейінге қалдыру, мысалы, қыз декретке кетсе, ал жігітті әскерге алса немесе қандай да бір отбасылық жағдайлар болса», — деді Қазақ ұлттық хореография академиясының баспасөз хатшысы Анар Құрманғалиева.
Айта кету керек, егер студент грантта төрт жыл емес, тек жарты мерзім оқыса, өтеу мерзімі де екі есе қысқарады. Ал жоғары оқу орнын бітірушілер мемлекеттік грантты өз еркімен өтеуден бас тартса, сот олардан оқуға кеткен шығындарды айыппұл түріндегі тұрақсыздық ақымен бірге өндіріп алуға құқылы. Жылдық өсімақы Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі мөлшерінде есептеледі.


