7 қыркүйектен бастап Қазақстанда зейнетақы жинағын басқарудың жаңа ережелері күшіне енді. Енді азаматтар зейнетақы қаражатының 100 пайызын жеке басқарушы компанияларға бере алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұған дейін қазақстандықтар жеке компанияларға жинағының жартысын ғана сеніп тапсыра алатын, енді бұл шектеу алынып тасталды. Қаражатты қай басқарушы компанияға тапсыру туралы шешімді әр салымшы өзі қабылдайды, ол үшін кірістілік көрсеткіштері мен басқа да критерийлерді ескереді.

Тағы бір маңызды жаңалық – басқарушы компаниялардың әртүрлі инвестициялық стратегияларды ұсыну құқығы: консервативті, орташа және тәуекелді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) түсіндіргендей, консервативті портфель барлық салымшыға қолжетімді, оның кірістілігі 12 ай ішінде бағаланады. Орташа стратегияны зейнетке дейін үш жылдан астам уақыты қалғандар таңдай алады, нәтижелер 36 ай ішінде бағаланады. Тәуекелді портфель тек зейнетке шығуға 13 жылдан астам уақыты барларға ғана қолжетімді, оның тиімділігі 60 ай ішінде бағаланады.

Жаңа ережелер әртүрлі тәуекел деңгейіндегі зейнетақы портфельдерін қалыптастыруға мүмкіндік беруге арналған. Алайда іс жүзінде жүйе әзірге ойластырылғандай жұмыс істемей тұр. Қазір салымшылар нақты бір басқарушы компания ішінде стратегияны өздігінен таңдай алмайды. БЖЗҚ деректеріне сәйкес, қазіргі компаниялардың әрқайсысы тек бір типтегі портфельді ұсынады: BCC Invest – консервативті, Alatau City Invest – орташа, Halyk Finance – консервативті, Halyk Global Market – консервативті, Tansar Capital – орташа, «Сентрас Секьюритиз» – консервативті.

Болашақта стратегия таңдау аясы кеңеюі мүмкін, бірақ әзірге басқарушылар бір нақты схема бойынша жұмыс істейді. Дегенмен қазақстандықтар басқарушылардың жұмыс нәтижелерін өздері бағалап, қаражат аудару туралы шешім қабылдай алады. Барлық жинақты бір компанияға беру міндетті емес – оларды бірнеше компанияға бөлуге болады. Сондай-ақ активтерді Ұлттық банк басқаруына қайтару мүмкіндігі сақталады.

Бұған дейін қазақстандықтарды жеке компаниялар өз қызметтері үшін комиссия ұстай алатынын ескерткен болатын, бұл да шешім қабылдау кезінде ескерілуі тиіс.