Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Ұлттық олимпиада комитетіне берген сұхбатында Азия ойындарына қатысатын команданың түпкілікті құрамын атады. Ойындар 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда өтеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сайдалиннің айтуынша, әйелдер құрамасына Алуа Балкибекова (51 келіге дейін), Назым Қызайбай (54 келіге дейін), Виктория Графеева (60 келіге дейін), Аида Абикеева (65 келіге дейін) және Наталья Богданова (75 келіге дейін) енді.

«Қатысушылар тізімін жасау кезінде өткен жылғы әлем чемпионатының нәтижелері, сондай-ақ биылғы маусымдағы әлем кубогы кезеңдерінің қорытындылары ескерілді», — деп атап өтті бапкер.

Маман Азияда әйелдер боксы қарқынды дамып жатқанын, негізгі қарсыластар ретінде Үндістан мен Қытай құрамаларын атады.

«Қазір біздің команда АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. 4 тамызда Қазақстанға қайтамыз. Одан кейін спортшылар жеке бағдарлама бойынша дайындалып, аздап демалады. Келесі жиын 16 тамызда басталады. Оған Ресей мен АҚШ құрамалары қатысады. Ал 9 қыркүйекте Жапонияға аттанамыз, онда дайындықтың қорытынды кезеңі өтеді. Бейімделуден өтіп, ойындарға дайындаламыз», — деді Сайдалин.

Бапкердің айтуынша, қазақстандық спортшылардың көңіл күйі жақсы, жарақаттары жоқ. Команда Азия ойындарында сәтті өнер көрсетуге үміт артып отыр.