Қазақстан құрамасы Эквадорда өткен кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында жеке сында рекордтық нәтижемен аяқтады: 10 медаль, оның ішінде үш алтын, үш күміс және төрт қола, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан құрамасына үшінші алтынды 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әділжан Жаудинов әкелді. Финалда ол Әбділманаф Рамазановпен кездесіп, қосымша уақытта иппонмен жеңіске жетті. Әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған Жаудинов титулға жолда жапондық Кога Теруки, бразилиялық Жозе Паулу Перейра және франциялық Азриэль Декенн Диффодан басым түсті.
Бұған дейін әлем чемпиондары атанғандар: 60 келіге дейінгі салмақта Ғабит Расулхан және 52 келіге дейінгі салмақта Фатима Супыгалиева. Супыгалиева осылайша қыздар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алған тұңғыш қазақстандық атанды.
Күміс медальдарды Әділжан Нұрбекен (50 келіге дейін), Адия Жанахмет (40 келіге дейін) және Инжу Жұмажан (57 келіге дейін) иеленді. Қола жүлдегерлер: Бекарыс Құдайберген (50 келіге дейін), Ахмет Баубек (60 келіге дейін), Ерік Өсенов (66 келіге дейін) және Еркен Бекали (73 келіге дейін).
Эквадордағы нәтиже Қазақстан құрамасы үшін рекордтық болды: бұған дейін ұлттық команда бір әлем чемпионатында (кадетер, юниорлар немесе ересектер арасында) 10 медаль және үш алтын медаль жеңіп алмаған еді. Сонымен қатар, қазақстандық дзюдошылар жеке сынның үш күнінде де алтын медальға қол жеткізді.
23 тамызда әлем чемпионаты аралас командалық турнирмен жалғасады. Жарысқа барлығы 59 елден 457 дзюдошы қатысуда.


