Қазақстанда жеке тұлғалардың көлік әкелу тәртібі ресми түрде түсіндірілді: 2026 жылғы 28 қыркүйектен бастап көлік құралының электрондық паспортын (КҚЭП) және көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы куәлікті (КҚҚК) ресімдеу кезінде көлік жасына және оны әкелу тәсіліне қатысты шектеулер күшіне енеді. Бұл ретте билік талаптардың көбі бұрын да болғанын, енді нормалар бір жүйеге келтіріліп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа ережеге сәйкес, жеке тұлғаларға КҚЭП пен КҚҚК тек жолаушылар кедендік декларациясы бойынша әкелінген, жасы бес жылдан аспайтын көліктерге ғана ресімделеді. Сонымен қатар Көлік министрлігі экологиялық классқа қойылатын талап — Евро-5 және одан жоғары — туралы мәлімдеді. Оны әкелінетін көліктерді алғашқы рұқсат беру кезінде қолдану жоспарлануда.
КҚЭП ресімдеуге де шектеу бар: бір жеке тұлға оны жылына бір көлікке ғана ала алады. Бұл ретте иесінің деректері жолаушылар кедендік декларациясында көрсетілген декларантпен салыстырылады.
Кедендік ресімдеу әкелу мақсатына байланысты. Көлік өзі үшін әкелінсе, жолаушылар кедендік декларациясы қолданылады, ал төлемдер Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) бірыңғай мөлшерлемелері бойынша есептеледі. Жасы үш жылдан аспайтын көліктер үшін мөлшерлеме құнына, ал одан үлкендері үшін қозғалтқыш көлемі мен жасына байланысты.
Коммерциялық импорт кезінде тауарларға декларация қолданылады. Бұл жағдайда кедендік алым, әкелу бажы және 16% қосылған құн салығы (ҚҚС) төленеді, ал қозғалтқыш көлемі 3 л-ден асатын кейбір көліктерге акциз де қарастырылған.
Утильсборды есептеу тетігі өзгерген жоқ. Алайда 22 қыркүйектен бастап жеке тұлғалар көлік еркін айналымға шығарылғанға дейін, яғни кедендік ресімдеу аяқталғанға дейін оны төлегені туралы сертификат алуы тиіс.
Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін тәртіп бұрынғыша: сертификат көлікті алғашқы тіркеуге дейін қажет, ал ертерек сатылса — сатуға дейін.
Билік өзгерістерді импортты реттеу, автопаркті жаңарту және көліктерді ресімдеудің ашықтығын арттыру қажеттілігімен түсіндірді. Қазақстандық автоодақ жаңа тәртіп көліктердің шығу тегін, тарихын және заңды тазалығын алдын ала тексеруге мүмкіндік береді деп санайды.
Алайда шетелден жеңіл көлік сатып алып, айдап әкелетін импорттаушылар мен дилерлер өзгерістермен келіспейді. Қарсаңында олар президентке ашық хат жолдап, тәртіпті жоюды талап етті және қолданылған көліктерді әкелу кезіндегі жоғары мөлшерлемелерге назар аударды.
Бұған дейін Курсив Авто жеке импорттаушылардың «сұр» әкелумен күрес туралы пікірін жазған болатын. Ал мұнда жаңа ереже бойынша көліктерді кедендік ресімдеу қанша тұратынын білуге болады.


