Қазақстан азаматтары Қытайда емтихан тапсырмай-ақ көлік жүргізе алады, ал ҚХР азаматтары Қазақстанда осы мүмкіндікке ие болады. ҚР Ішкі істер министрлігі екі ел арасындағы жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім жобасын дайындады... деп хабарлайды infohub.kz.

Нормативтік құқықтық актіге сәйкес, Қазақстан мен Қытай азаматтары қабылдаушы елдің аумағында жеңіл көлік құралдарын басқару үшін қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәліктерін пайдалану құқығына ие болады.

Негізгі жаңашылдық — құжаттарды тікелей айырбастау мүмкіндігі. Уақытша немесе тұрақты түрде серіктес мемлекет аумағында жүрген екі ел азаматтары қайта оқудан өтпей-ақ және біліктілік емтихандарын тапсырмай-ақ жүргізуші куәліктерін айырбастай алады. Бұл рәсім қабылдаушы тараптың ішкі заңнамасының талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.

Үкіметаралық келісімнің мақсаты — әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы көлік, туристік және іскерлік байланыстарды ынталандыру.

Жобаны іске асыру және құжаттармен алмасу келісімге ресми қол қойылғаннан, барлық мемлекетішілік рәсімдер аяқталғаннан және құжат заңды күшіне енгеннен кейін басталады.

Еске салайық, 25 шілдеде Таяу Шығыс елдерімен осыған ұқсас дипломатиялық келісімдер жасалғаны хабарланған болатын. Қол қойылған құжаттарға сәйкес, қазақстандықтар Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) аумағында қосымша теориялық және практикалық емтихандар тапсырмай-ақ ұлттық жүргізуші куәліктерін айырбастау құқығына ие болды.